Алиманың айы оңынан туды

Әлия Молдағұлова атындағы спорттық мектеп-интернатының оқушысы Еуропа Кубогінің қола жүлдегері атанды.

Түркияның Анталия қаласында өткен дзюдодан Еуропа Кубогі бәсекесінде жасөспірімдер арасындағы ұлттық құрамамыздың сапында сынға түскен Алима Жұмағалиева қола жүлдегер атанды.

 

11 жасынан бастап татамиге шыққан Алима спортқа дейін бимен айналысқан. Әкесінің қалауымен спортқа бет бұрған шынашақтай ғана қазақ қызының ел ішіндегі өзі қатысқан түрлі жарыстардан қоржыны бос қайтпаған. Алғашқы жаттығудан-ақ спорттың осы түріне көңілі ауған Алимаға бапкері дзюдо формасын сыйға тартады. Кейін республикалық деңгейдегі сан түрлі додаларда көрсеткен тамаша өнерінің арқасында дарынды балаларға арналған Ә.Молдағұлова атындағы спорттық мектеп-интернатына қабылдайды. Жас дарынның еңбекқорлығын, жаттығуға деген ерекше құлшынысын байқаған ұстаздары Олимпиядалық даярлау орталығына түсіреді.

2018 жылдан бастап жасөспірімдер арасындағы еліміздің бас құрамасына енген Алима өзінің мықтылығын әрқашан дәлелдеумен келеді. 7-12 ақпан күндері өткен ел чемпионатында 40 кг салмақта қарсыластарын түгел жығып Қазақстанның чемпионы атанады. Ал, осы жолы Анадолы түбегінде өткен Еуропа Кубогі бәсекесінде 4 кездесу өткізіп, 3 қарсыласынан айласын асырған Алимаға тек финалда ғана сәттілік жетіспеді. Жергілікті түрік қызымен өткен бәсекеде аңдаусызда ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтқан.

Дегенмен, үлкен спортқа қадамын нықтап басқан талантты жерлесіміз үшін бұл жарыс  бағындырар шыңдардың алдындағы белес қана десек қателік болмас. Аламанда алаштың абыройын биіктете берсін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *