Қанат чемпион бола алмайды

Достар, бірден айтайын, мен мысықтілеу емеспін. Қанат Исламның чемпион болғанын мен де көргім келеді. Кәсіпқой бокста Қазақстаннан шыққан бесінші чемпион болса екен деймін.

Бірақ олай болмайтын сияқты. Неге? Жеті себебін жазайын.

Жас — 35 жаста кәсіпқой бокста бірінші рет чемпион болған боксшыны білесіз бе? Білсеңіз жазыңыз. Біле жүрейік. Мен білмейді екенмін. Қанат биыл 35 жасқа толды. Жас келген сайын күш кемімесе, артпайды. Соңғы кездесу соған дәлел болды.

Менеджер — Қанат Ислам Эгис Климастан неге кетті? Осыны түсінбедім. Қайта Нелсон Лопеске барыпты. Бірінші рет бұл кісімен жұмыс істегенде Нелсон ешнәрсені қатырмаған еді. Енді бірдеме істейді дегенге сенбеймін. Эгис ең болмаса боксшымызды чемпионға қарсы қойып бере алар еді. Ол дегеніміз — белбеуге жетуге бір қадам деген сөз. Ал мына менеджерімен Қанат ағамыз осы деңгейде қала береді. Нелсон осы уақытқа дейін бір чемпион шығармады. Америкада ол рекорды мықты боксшыларға тек оппонент тауып беруші ғана. Климасты көпшілік біледі. Абыройы да бар. Әлемнің үздік менеджерлерінің бірі.

Бапкер — Багаудин Бек деген кім? Менің естуімше фитнес залда бапкер болған екен. Қанат Исламға тез арада бапкер ауыстыруы керек. Бекпен ұзаққа бармайды. Ол кәсіпқой бокстың емес, тіпті жәй боксты мықты білмейді. Чемпион емес, ол жәй жүлдегерді тәрбиелеген бе? Қайдан тауып алды. Бапкердің біліксіздігі Коутондокваға қарсы айқын білінді. Ешқандай жоспар жоқ. «Қимылдашы. Соққысы ауыр екен». Бұл бапкердің кездесу барысында айтқан ақылы. Иә, бесінші раунда дейін Қанат тың кезде тәжірибемен жүрді. Одан кейін дем де, жоспар да бітті. Уақытпен жұмыс істемеген. Оған тікелей бапкер жауапты.
Америкадан арнайы Роджер Рома деген маманды алдыртыпты. Айналайындар-ау, ол кім? Америкада ол үшінші сорттағы бапкер де емес қой. Лапа ұстағаннан артық жұмысын көрген емеспін.

Рейтинг — қазір Қанат Ислам WBO рейтингінде үздік ондықта ғой. Нақтырақ айтсақ, сегізінші. Бірақ, мына кездесуден кейін рейтингте көтерілмейді. Өйткені, кездесу 10 ақ раунд болды. Айтпақшы, неге? Аяқ астынан мұндай шешім қалай шықты? 12 раунд болғанда не болар еді?
Тағы бір айта кететін жәйт, Boxrec Қанат Исламнык шешімін тіркемеді. Комиссияның шешімін күтіп отыр екен.

Танымалдылық — Қанат Исламды Қазақстан мен Қытайда ғана таниды. Ал, Америкада ешкім танымайды. Чемпиондық жекпе-жектердің 70-80 пайызы Америкада өтеді. Қазір боксшымызды мұнда ешкім шақырмайды. Өйткені, ақша түспейді. Сол себепті де боксшымыз кездесулерін Қазақстанда жасайды. Есесіне, ақша жақсы түседі.

Салмақ — кеше Коутондовка ауыр деп айтым ғой. Кейбір білгіштер қарсы шығып еді. Кездесуден кейін Қанаттың өзі оны мойындап отыр. Негізі, орта салмақ боксшымыз үшін ауыр. Мұнда өнер көрсететін боксшылардың салмағы 80-85 арасында. 10-12 келі салмақ қуады олар. Бірақ кездесу күні қайтып сонын 7-8 килосын жинап алады. Қанат Ислам болса 75 килограммның айналасынла. Ірі емес. Джейкобс, Андраде, Батлер сияқтылар ірі. Сол үшін бірінші орта салмаққа қайта түссе дұрыс па деп ойлаймын. Ол жақта шамалы да болса мүмкіндік көбейер еді.

Спарринг қарсылас — Қазақстанда кәсіпқой бокс енді-енді дамып жатыр. Әлі мықты боксшыларымыз көп емес. Демек спаринг қарсыластар аз деген сөз. Ал спаринг қарсылас мықты болса, дайындық та керемет болады. Қанат ағамызды Президентіміз қолдап отыр. Қаржысы жоқ емес. Шет елге барып дайындалса. Ол жақта спарринг қарсыластар көп. Сол кезде бүгінгідей қаша бермейтін еді.

Жалпы осы. Алып қосарларыңыз болса айтыңыздар. Қанат Ислам осылардың барлығын жоққа шығарып, чемпион болса, қуанар едім.

Уәлихан Қосанбай

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *