Қарт құрлық чемпионаттары қыза түсуде

         Сенбінің кешінде Еуропа төріндегі футболы көпшілікті қызықтыратын айтулы чемпионаттарда кезекті тур ойындары өтті. Солардың ең бастысы саналатын матчтарына   шолу жасап өтсек.

      Ағылшын жеріндегі аладоп додасының орталық кездесуіне көпшілік «Манчестер Сити» мен «Челси» арасындағы матчты балағаны сөзсіз. Қос мықтының кездесуі сәл кеш басталса да чемпионаттың үздік командалары жайғасқан турнир кестесінің алдыңғы бөлігіне де әсер етері анық еді. Өткен турда биылғы жылдың ең басты ойындарының бірінде Ливерпулға жол беріп алған алаң иелері енді ешкімді аямайды десті жұрт. Ал, қарсыласы Челси де осал емес еді. Франк Лампардтан тәлім алатын команданың құрамы  біршама жасарып, ендігі сөзді Батшуайи, Абрахам, Маунттар айтып жүр.

          Ойын ел күткендей қақпаға тулаған голдармен басталды. Матео Ковачичтен пас алған Нголо Канте ойынның 21-минутында Эдерсон қорғаған қақпа торын бүлк еткізді. Одан кейін үсті үстіне шабуылдаған қалалықтар көп кешікпей-ақ нәбәрі 29-минутта  таразы басын теңестіріп кетті. Бұл допты соққан әйгілі бельгиялық Кевин де Брюйне. Артынша 10 минуттай уақыт өтер-өтпестен Рияд Марез өз голына сүйінші сұрады. Оған нәтижелі пас берген орталық жартылай қорғаушы Родри болатын. Есеп 2:1. Алғашқы тайм осылай аяқталды. Үзілістен кейін де қос мықты алма-кезек шабуылдаумен болды. Бірақ, соғылған гол болмады. Тек, ойынның негізгі уақытына төреші қосқан 4 минуттың үшіншісінде Рахим Стерлинг белсеніп, есепті 3:1 ге өзгертпек еді, төреші Мартин Аткинсон VAR қайталау жүйесін қарап, ағылшын ойыншысының офсайдта қалғанын анықтады. Гол тіркелмеді. Кездесу 2:1 есебімен аяқталды.

Өзге де ойындардың нәтижесі:

    «Неміс футболы жылдам ойынға құрылған. Ойыншылары да матчтың соңғы минутына дейін тынымсыз доп тебеді» — кәнігі мамандар. Мұндай ойындар барысында голдың да көп соғылып, нәтиженің де жұртты қызықтыратыны сөзсіз.

Орталық кездесу санатына кім қай кездесуді қосса да өз еркі. Біз ала доп жаңбырша жауған Дортмундтағы Боруссия мен Падеборн арасындағы ойынға тоқталдық. Турнирлік кестенің бастапқы бөлігінде келе жатқан алаң иелері әлі де топ жаруды көздейді. Ойындары да жаман емес.  Бастысы қажетсіз кезде ұпайдан шашау шығармау. Ал, Падеборн үшін келесі жылы төменгі дивизионға түсіп қалмаудың қамын жасау керек. Осыған дейін 12 ойын өткізіп, одан бар жағы 5-ақ ұпай жинаған ұжым қызыл сызықтағы командалардың соңына жайғасқан. Жағдайы мәз емес. Дегенмен, сырт алаңда тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Тіпті, алғашқы таймда 0:3 есебімен жеңіп жатты. Матчтың 5-минутында Кай Прогердің пасын кәдеге жаратқан Штрели Мамба есеп ашса, 37-минутта ол өзінің екінші голын соқты. Бұл жолы нәтижелі пасты Бен Золинский ұсынды. Арада 6 минут уақыт өткенде  Геррит Хольтманн есепті еселеп берді. Көпшілік бұл кездесуде қонақтардың жеңісіне күмән келтірмеген сәт болатын.

         Үзіліске 0:3 есебімен ұтылып шыққан Фавр шәкірттері келесі таймда допты да барынша өз бақылауларында ұстап, соққыны да үдете түсті. Падеборн қақпасына тура бағытталған соққылардың барлығы голға айналғанда алаң иелері тек екінші таймның өзінде 7 гол соғар еді. Бірақ, ойынды өз  қалағанындарындай өрбіте білді. 47-минутта Жадон Санчо алаңға жаңадан қосылған Ашраф Хакими берген пасты голға айналдырды. Ал, 84-минутта Матц Хуммельс бельгиялық Аксель Витцельдің аяғына тиісті нүктеден доп жеткізіп беріп, ол бірден соққы бағыттады. Қақпашыға допты қайтаратындай ешқандай мүмкіндік қалмай, есеп 2:3 ке дейін қысқарды. Қонақтар жеңіс уысынан шығып бара жатқанын сезіп, мүмкіндігінше есепті ұстап қалуға тырысқанымен ойлағандары болмады. Төреші қосқан қосымша минутта Санчо әуелете берген допты Марко Ройс қақпа торына дөп түсіріп, кездесудің нүктесін қойды. Матч 3:3 есебімен аяқталды.

Өзге де ойындардың нәтижесі:

Испаниядағы басты кездесу «Реал Мадрид» пен «Реал Сосьедад» клубтары арасында өтті. 69 мыңнан астам адам жиналған Сантьяго Бернабеудегі ойында алаң иелері барынша көсілді.

Барлық статистикалық көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсті. Бірақ, кездесудің есебін қонақтар сапынан Виллиан Хосе ашты. Не болғанын аңғарып үлгермеген реалдықтар кездейсоқ жіберіп алған голдан соң бірден естерін жиып үлгерді. Зидан бапкер де алаң жиегінен қажетті нұсқаулықтарын берумен болды. Есеп те көп күттірмеді. Лука Модрич әуелетіп асырған допқа басын тосып үлгерген француз Кәрім Бензема есепті теңестірді. Ал, екінші тайм басталар тұста уругвайлық Федерико Вальверде алаң иелерін алға шығарды. 74-минутта 34 жастағы хорват жартылай қорғаушысы Модрич өзі гол соғып, есепті еселей түсті. Қонақтар сапынан Аднан Янузай қарбалас сәттердің бірінде қақпа маңында құлап, айып добын беруді күткенімен төреші олай жасамады. Матч 3:1 есебімен аяқталды.

Өзге де ойындардың нәтижесі:

А-сериясының мықтылары өзара сынға түсті.

«Аталанта» көш басындағы «Ювентусты» қабылдап, 1:3 есебімен жол берді.  Бұл кездесуге әйгілі Роналду шықпады. Қонақтар сапынан аргентиналық Гонсало Игуаин дубль авторы атанса, оның тағы бір отандасы Пауло Дибала кезекті голын соқты. Алаң иелерінің сапынан неміс Ровин Госенс қана жалқы голдың авторы атанды.

Бұл кездесуден гөрі Сан-Сирода өткен «Милан» мен «Наполи» арасында өткен матчқа қызығушылар әлдеқайда көп болды. 61658 адам жиналған Сан-Сиро стадионы қанша сілкінгенімен матчта қос мықты тең тарқасты. Ойынның 24-минутында мексикалық шабуылшы Хирвинг Лосано неапольдықтарды алға шығарса, араға 5 минут салып Джакомо Бонавентура таразы басын теңестіріп кетті. Ішкі чемпионатта ала-құла ойнап жүрген қос клубтың жағдайы турнир кестесінде де соншалықты жоғары емес. «Наполи» 13 ойыннан кейін 20 ұпаймен 7-сатыда орналасса, «Милан» 14 ұпаймен 13-орынға жайғасқан.

Ал, Ювентусты өкшелеп келе жатқан «Интер» астана уақытымен түн жарымда «Турин» ФК-ын жеңді. Қонақтар сапынан 12-минутта Лаутаро Мартинес, 32-минутта Стефан Де Врей және 55-минутта Ромелу Лукаку гол соғып, қонақтар кезекті 3 ұпайына қол жеткізді.

Қуаныш ТЫНЫБЕК

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *