Бегзатым едің

Олимпияда ойындарының үш дүркін чемпионы атануға Бекзаттың мүмкіндігі әбден жететін еді. «Тек Куба боксшылары ғана емес, келешекте қазақтың жігіттері де ондай деңгейге жете алады. Бұйырса мен соны дәлелдеймін» — деген Бекзат Саттархановқа тағдыр қазаққа қымбат Сидей алтынын алуды ғана жазса керек.

Дегенмен көп былғары қолғап шеберлері үшін олимпияда ойындарына қатысудың өзі арман болса, Сейілхан мен Сырлыкүлден туған ұл төрт жылдықтың басты додасына қатысып қана қоймай, чемпион атанды. Қазаққа 20 жыл күткен олимпияда алтынын сыйға тартты.

1980 жылы күллі түркі жұртының киелі шаңырағы Түркістан қаласында дүниеге келеді. Бала кезінде әлжуаз, аурушаң болған соң  өзін-өзі қорғай алуы үшін ата-анасы әу баста Бекзатты күрес үйірмесіне жаздырған. Одан кейін күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін түсініп, бірден боксқа бет бұрады.  1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды.

Бекзат – заңгер. Алдымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Шаршы алаңда қазақтың аңыз спортшысы  Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан. Ермахан Ыбырайымовты өзінің туған ағасындай көрген. Бірде Ермахан ағасына келіп: «Аға, атақ адамды мастандырады дейді. Егер мен тым артық кетіп бара жатсам, сабама түсіріп қойыңыз» деген екен. Бұның өзі жас жігіттің адамгершілік қасиетті биік қойғанының көрінісі болса керек. Әрі 18 жасында-ақ қажылыққа барып, мұсылманның бес парызының бірін орындап қайтады.

Бегзат бокстағы тұңғыш жетістігіне 1995 жылы жетті.  Түркістан шаһарында өткен З.Сейітбековты еске алу турнирінде топ жарды. Әрі үлкен жеңістердің алғашқысы болғандықтан да оған бұл жеңіс бәрінен артық көрінген. Кейін 1996 жылы  Қостанайда өткен  бокстан жастар арасындағы ел біріншілігінде чемпион атанады. 16 жастағы спортшының шаршы алаңдағы шалт қимылдарын, жеңіске деген жігерін көрген бапкер Анатолий Визирякин өз қарамағына алып, облыс орталығындағы мектеп-интернатында  жаттықтыра бастайды.

1997 жылы Қарағанды қаласында және Германияның Кельн қаласында өткен халықаралық турнирлерде үздік шығады. Сондай-ақ облыстық Олимпиядағы даярлау орталығына қабылданады.

1998 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында барлық қарсыластарын жеңіп, финалда украиналық Сервин Сүйлейменовтан ұпай санымен  ұтылып, күміс жүлдемен оралады. Бірақ, жеңілген қарсыласын міндетті түрде жеңуге тырысатын намысқой жігіт Ресейде өткен ТМД  елдерінің былғары қолғап шеберлері қатысқан халықаралық сайыста оң қолының бармақ сүйегі шығып кеткеніне қарамастан есесін қайтарды.

Одан кейін Түркістанда өткен Әбдісалан Нұрмахановты еске алу турнирінде турнирдің ең үздік  боксшысы, Сағадат Нұрмағанбетов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып,  Таиландта өткен Азия біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінеді.

1999 жылы Венгрияда және Болгарияда өткен халықаралық   турнирлерде алдына жан салмай, Ташкентте өткен Азия біріншілігінде күміспен күптеледі. Әрі Сидней олимпиядасына жолдаманы да ұтып алады.

Ал, төрткүл дүние көз тіккен Сиднейдегі олимпияда ойындарына Бегзаттың бару, бармауы туралы шешім әу баста көп талқыға түскен еді. Дегенмен,  бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов  жартылай орташа салмақты Түркістандық ұланға сеніп тапсырады. Олимп астанасына аттанар сәтте «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!» деп сөз беріп, ер жігітке тән кесек мінезбен бар күш-жігерін салып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінуі Бекзаттың бегзаттығы болар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жеңісі үшін Бегзат Саттархановқа  I дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.

2000 жыл аяқталып, жаңа жылға санаулы минуттар қалған кезде қаралы хабар жетті. Қара жол қасқалдақ ұлдың жанын қиды. Күллі жұрттың қабырғасын қайыстырған қаза көлік апатынан болды. Кеше ғана жасындай жарқылдап дүйім қазақты қуанышқа бөлеген ұлдың жарқын жүзі көпке дейін көпшіліктің көңілінен кетпеді. Барлық өңірдің басылымдары перзентін жайлы қабырғаны қайыстырған мақалалар жазды.

Бүгінде Бегзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтіп тұрады.Облыс орталығы болған  Түркістан қаласында Саттарханов атында ықшам аудан мен спорт кешені бар. Алматыда батыр ұлдың атына көше берілді. 2010 жылы 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістанда ескерткіші қойылды. Бегзат туралы 3 кітап пен фотоальбом жарық көрген. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бегзат» атты деректі фильм түсірсе, әнші Гүлнұр Өмірбаева «Бегзат» әнін дүниеге әкелді.

Жақсының өзі жоқ болса да, артында жыр  болып  толағай жетістігі қалды. Кісіліктің, ізгіліктің, бауырмалдықтың үлгісіндей жас Бегзаттың жарқын бейнесі қалды. Ата-анасы Сейілхан мен Сырлыкүл немерелерінің бірінің есімін Бегзат қойыпты, ағасының жалғасы болсын деп..

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *