Біздің Елена жеңіске жетті

           Үлкен теннистен Франция ашық чемпионатында бақ сынап жатқан қазақстандық теннисші қыз Елена Рыбакина үшінші айналымда өз аттасы ресейлік Елена Веснинадан басым түсіп, жарыстың келесі кезеңіне өтті.

Күллі дүниенің кіл мықтылары жиналатын үлкен теннистің беделді бәсекесі енді қыза түсті. Өкінішке орай отандастарымыздың ішінде жарысты жалғастырып жатқан жалғыз спортшы — Елена Рыбакина.

Әлемдік рейтингте 22 орында тұрған қазақстанның бірінші ракеткасы алғашқы айналымда корт иесі Эльза Жакмоны (492) жарыстан шығарса (6-4, 6-1), екінші кезеңде күншығыс елінің өкілі Нао Хибиноның (82) жолын кесті, есеп (6-3, 6-1).

Үшінші айналымда ежелгі командаласы (Рыбакина да ресейден келген) 34 жастағы Елена Веснинаға еш мүмкіндік бермеді. 2016 жылғы Рио олимпиядасында жұптық сында (Макаровамен бірге) топ жарған, Франция, Англия, АҚШ ашық чемпионаттарының жеңімпазы атақтары бар әйгілі ресейлік шебер 21 жастағы қазақстандық мықтының алдында тізе бүгуге мәжбүр болды.

Алғашқы сетте өте сақ қимылдаған Рыбакина қарсыласына жалғыз гейм ұстатып, 6-1 есебімен алға шықса, екінші сетте де өзіне сенімді ойын көрсете білді. Қарсыласы есепті теңестіруге қанша тырысса да қазақстандықтың осал тұсын таба алмады. Қорытынды есеп (6-1, 6-4) болып, жерлесіміз жеңіске жетті. Отандасымыздың келесі айналымдағы қарсыласы  АҚШ теннисшілері әлемнің даңқты жұлдызы Серена Уильямс пен Даниэль Роуз Коллинс жұбының жеңімпазы болады.

әзірлеген https://jarys.kz/

Қуаныш Тыныбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *