ЕВРО – 2020: Болжамдар

              Кешікпей қарт құрлықта кезекті футбол тойы басталады. Бұл чемпионат өткен жылы өтуі тиіс еді. Жаһанды жайлаған пандемия кесірінен жолы кесілген-тін. Бұйырса, бұл дода алдағы маусым айының 11 күні басталып, 30 күннің ішінде Еуропа «мықтысын» анықтайды. Алпыс жылдық тарихы бар аталмыш чемпионат биыл Еуропаның 11 қаласында бір демде ұйымдастырылады деп күтілуде.

• А тобы – Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария

А тобының басты фавориты ретінде аяқдоп сарапшылары бір ауыздан Италия құрамасына үміт артып отыр. 2018 жылғы әлем чемпионатын есептемегенде италияндықтар әркез алғашқы бестіктен көрініп жүр. Ойыны мығым, қорғанысы берік команда бұл. Құраманың бас бапкері Роберто Манчинидің айтуына қарағанда, жігіттері жарысқа сақадай сай, кіммен де шайқасуға дайын. Бұл топтың екінші мықты командасы ретінде сарапшылар Аарон Рамси, Даньел Жэймс, Гарет Бэйл қатарлы аяқдопшылары бар Уэльс құрамасын атап айтуда. Өйткені, бұлар 2016 жылғы Еуропа чемпионатында жақсы өнер көрсетіп 1/8 финалға дейін жеткенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.
• В тобы – Дания, Финландия, Бельгия, Ресей
Бұл топтың көшбасшысы сөз жоқ 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері – Бельгия құрамасы. Команда қазіргі таңда FIFA және UEFA рейтингісінде көш бастап тұр. Оның сыртында Эден Азар, Ромелу Лукаку, Кевин де Брюйне қатарлы аяқдопшылары ағылшын премьер лигасы мен Италияның белді клубтарда атай салуда. Футбол сарапшылары бельгиялықтарды ЕВРО-2020 финалында өнер көрсетуі де әбден мүмкін дейді. Ал топтан екінші болып тізгін ұстату бақыты – Дания мен Ресей құрамасының біріне бұйырары анық.
• С тобы – Нидерландия, Украина, Австрия, Солтүстік Македония
Бұл топтың фавориты – Нидерландия құрамасы. Десе де, бәзбір сарапшылар қызғалдақты елдің командасы 2018 жылғы әлем чемпионаты кезінде іріктеуден өте алмай қалғанына әлі күні жіп таға алмай жүр. Содан бері аттай шауып үш жыл өтті. Бұрынғы Арьен Роббен, Робин ван Перси, Уэсли Снейдер қатарлы сақа ойыншылар дәуірі аяқталды. Қазіргі құрама сапында – сен тұр, мен атайын… шылғи жастар. Бірақ команда капитаны Виржил ван Дик бұл реткі доп додасына қатыспаймын, одан да алдағы маусым ойындарына дайындық жасаймын, депті. Не болғанын кім білсін. Мүмкін жарақаты бар шығар. Топтың екінші жүлдесі үшін шайқас Украина мен Австрия арасында өтеді деген болжам айтылуда. Солтүстік Македония бұндай ірі жарысқа тұңғыш қатысып отырғандықтын анау-мынау деп айту қиын.
• D тобы – Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия
Сарапшылар Англия құрамасы өз тобынан алғашқы болып шығып ғана қоймайды, тіпті доданың ақырғы финалында өнер көрсетуі мүмкін деген болжам айтуда. Команданың бас бапкері Гарет Саутгейт чемпионтқа қатысатын 26 аяқдопшыны құмнан алтын сүзгендей, май шаммен қарап іріктеп жатыр. Бұл сұрыптауға 17-30 жас аралығында жоғары лигаларда ойнап жүрген 40 футболшы шақырту алған көрінеді. Сол сияқты Модрич, Ракитич, Манзукич, Перишичтері бар хорваттықтар да оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұлар үш жылдың алдында әлем чемпионатының күміс жүлдесін небір мықтылардың аузынан жырып әкеткен сойқандар. Бірақ… бәрі дерлік отыздан асып бара жатқан қақса жігіттер. Тайбурылдың қырық күндік кемдігі осы.
• E тобы – Испания, Швеция, Польша, Словакия
Бұрындары жасыл алаңда ителгі құстай жалын атып ойнайтын Испания қазір жоқ. Қайта сарапшылар назары Швеция мен Польша құрамасына ауып тұр. Атақты аяқдопшы, швед жұлдызы жалғыз өзі бір командаға татитын Златан Ибрахимович ұлттық құрамаға қайта оралса, поляктардың үміті Роберт Левандовский соңғы жылдары лашын құстай түлеген сайын құлпыруда. Бұл жігіт соңғы екі маусым ойындарында қақпаға доп соғудан әлемнің қос жұлдызы Месси мен Роналдоны шаң қаптырып кетті. Бұл кездейсоқ дүние емес. Айтпақшы, ағылшын премьер лигасында (Манчестер Сити) өнер көрсетіп жүрген қорғаушы Эмерик Лапорт Франция азаматтығынан бас тартып, Испания азаматтығын қабылдаумен бірге оған осы елдің ұлттық құрамасы сапынан орын бұйырды.
• F тобы – Венгрия, Португалия, Франция, Германия
Бұл топты сарапшылар «өлім тобы» деп атапты. Қараңыз 2018 жылғы әлем чемпионы Франция, 2014 жылғы әлем чемпионы Германия, 2016 жылғы Еуропа чемпионы Португалия. Аяқдопшыларына қараңыз: Роналдо, Мбаппе, Нойер. Десе де, топтан бірінші және екінші болып шығу мүмкіндігі француздар мен немістерге бұйырар деген ойдамыз. Бірақ Роналдосы бар португалдықтарды да қарап қалмасы анық.
Көптен бері ірі әлемдік додалардан шеттеп жүрген мажар бауырлар үшін топта ойнау зор жетістік. Бірақ топтан шығатындай мүмкіндігі өте аз. Десе де, 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатында Д тобында ойнап (Уругвай, Коста Рика, Италяи, Англия) Еуропаның азулы командалары Италия мен Англияны үйіне қайтарған Коста Рика сияқты айды аспанға шығарып жатса әңгіме басқа.
Ескерту: биылғы ЕВРО-2020 чемпионатының бір ерекшелігі жоғарыдағы 6 топтан бірінші-екінші орын алған 12 командадан басқа, үшінші орынға тұрақтаған 6 командадан ұпайы көп 4-уі плей-офф кезеңіне өтеді. Сөйтіп, іріктеліп алынған (12 + 4) 16 құрама ЕВРО-2020 кубогын сарапқа салды.
Болжам жасаған: Бекен Қайратұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *