ФУТБОЛ: ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ОЙЫНШЫСЫ

ФУТБОЛДАН ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ОЙЫНШЫСЫ ӘРІ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ БАПКЕРІ
            Қазақ жұртының футболға деген ықыласы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ерекше күшейді. Ол кезде қазіргідей доп ауыл баласының түсіне де кірмейді. Қозы-лақтың терісінен домалақтап пішіп, ішін сабанмен немесе шүберекпен нығыздап толтырған «допты» қара табан балалар армансыз қуады. Кей ауылдың балалары киіз допты ермек қылды.
Иә, сол тұста алаш жұртының өз топырағындағы үлесі отыз пайыздың шамасында еді. Совет империясының қанды шеңгелі барынша тарылып, қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып жатқан кез. Ұлттық рух білте шамдай өлеусіреп тұрған. Дәл осы кезде аладоп майданында Тимур Сегізбаев найзағайдай жарқ ете қалды. ХХ ғасыр басынан небір қырғынды басынан өткерген қазаққа керегі осы екен. Сонау Еділден Алатауға дейінгі ауылдар Тимурмен бірге ду ете қалды. Ұзынқұлақ Тимур Сегізбаевтың даңқын байтақ далаға әп-сәтте жайып жіберді. Бойдағы қаны ысып, рухы көтерілген халық бір серпіліп қалды.
Содан ел ішінде Сегізбаев туралы аңызға бергісіз әңгімелер желдей есті дейсің. «Тимурдың оң аяғы сұмдық қуатты дейді. Оң аяқпен тепкен добын адам баласы ұстай алмайды екен!» «Бір жолы оның ұрған добынан қақпаны қорғаған маймыл сеспей қатыпты». «Қақпашылар Тимур доп теберде қақпаны тастай қашады екен…», «Сегізбаев оң аяғына «тебуге болмайды» деген белгі ретінде қызыл шүберек байлап шығады», деген әңгімелер бір ауылдан келесі ауылға «сымсыз телефон» арқылы толассыз тарап жатты. Жетпісінші жылдардың басында осындай әңгімелерді біз де рахаттана тыңдайтынбыз.Қысқасы, Сегізбаевтың сол кездегі абыройы қазақ жанкүйерлері үшін Пеле мен Эйсебиодан кем соққан жоқ.
          Иә, Тимур «Қайраттың» сапындағы алғашқы бәсекесінде-ақ айды аспанға бір-ақ шығарды. 1960 жылы 14 мамырда ССРО чемпионатының жетінші турында Минскіде жергілікті «Беларусьпен» алаңға шыққан «Қайрат» бұған дейінгі алты ойынның бесеуінде жеңіліп, біреуінде ғана тең ойнаған болатын. Ал бұған дейінгі бәсекелердің бәрін ұтқан алаң иелері қонақтарды қалпақпен ұрып алатыынына нық сенімді еді. Бірақ 19 жастағы бозбала қазақ «Беларусьтің» қақпасына келістіріп тұрып екі гол соқты. Бұл — қазақ жастарының ССРО футбол чемпионатының жоғары тобындағы ең алғашқы голдары еді.

         Енді ойланып көріңіз. Небір тісқаққан тарландармен тұңғыш рет тайталасқа түскен көкөрім қазақ шүу дегеннен көсіліп ойнады. Бірінші ойыным, қалай болар екен деп, сасып-салбыраған жоқ. Күшті командаға қарсы жүрексініп, тайсақтамады. Егер Сегізбаевқа дейін 5-10 қазақ футболшысы Совет одағының чемпионатында көзге түссе, бір сәрі. «Қайрат» деген аты болмаса, Алматы командасына Тимурға дейін қазақ футболшысы тұрақтай алмай жүрген еді. Империялық пиғылдағы кейбір астамшыл мамандар мен жанкүйерлер «қазақтан футболшы шықпайды», деген сөзді жалаулатып айта бастаған болатын. Сегізбаев қазақ футболшыларынан бірінші болып, сондай «білгіштердің» аузына құм құйғандай қылды. Ең бастысы, алаш баласының футболдағы несібесі мол екенін жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Совет одағы деңгейінде қолмен қойғандай дәлелдеп берді. Ал сол кезеңде совет футболы дүркіреп тұрған еді. ССРО құрамасы 1960 жылы Еуропа чемпионатында жеке-дара шықса, 1966 жылғы әлем біріншілігінде 4-орынға табан тіреді. Біздің Сегізбаев қамшының сабындай қысқа уақытта осындай алып мемлекеттің айтулы футболшыларының бірі боп шыға келді.
Енді Тимурдың тағы бір мерейлі сәті туралы айта кетейік. 1964 жылы 26 тамызда Алматының «Қайрат» командасы ССРО чемпионатының кезекті турында Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» ойнады. «Спартак» атағынан ат үркетін команда. 1962 жылғы ССРО чемпионы, 1963 жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері әрі Совет одағы кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бірақ Еуропаның небір күшті командаларын ұтып жүрген «Спартак» өз үйінде «Қайраттан» жеңіліп қалды. Тимур Сегізбаев «Спартактың» қақпасына екі доп салды. «Қайрат» өз қақпасына доп жіберген жоқ.
Бәсеке біткен бойда «Спартактың» негізін өз қолымен қалаған, совет футболының мэтрі Николай Старостин «Қайраттың» киім ауыстыратын бөлмесіне өз аяғымен келіп, Тимур Сегізбаевтың қолын қысады. Мықтыны мықтының мойындауы, осы болса керек.


          Осы ойыннан кейін одақ чемпионатында олжа салып жүрген Мәскеудің ЦСКА және «Торпедо» командаларының бапкерлері Сегізбаевты өз командаларына шақырған екен. Тимур ағамыз Мәскеудің намысын қорғағаннан гөрі қалың қазақтың мүддесін жоғары қойды.
«Спартакты» ұтқан ойыннан соң Тимур Сегізбаев «Қайрат» командасының капитаны болып сайланды. Ал команда тілеулестерінің қатары күн санап қалыңдай түсті. «Қайраттың» Алматыдағы ойындарына республиканың түкпір-түкпірінен келетін көрермендердің көбейгені соншалық, ойын билеттері бірнеше күн бұрын таусылып кететін. Қазақ жанкүйерлерінің басым көпшілігі стадионға Тимур үшін келуші еді. Ойын күні Алматыдағы Орталық стадионның маңайы құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын. Мыңдаған жанкүйерлер «Қайрат» ойнайтын күнді дәл бір айтулы мереке тәрізді асыға күтуші еді. Егер Қазақстанның қазіргі ұлттық құрамасында Тимур Сегізбаевтың деңгейінде екі-үш ойыншы болса, стадионға жиналатын тілеулестер қатары бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді.
Тимур Сегізбаев 1970 жылдың мамыр айында ескі жарақаттары маза бермеген соң ойыншылық кәсібін доғарды. Бірнеше жыл «Қайраттың» капитаны болған Сегізбаев команда сапында 168 рет алаңға шығыпты.
          Тимур Санжарұлы 1971 жылы Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері болып тағайындалды. ССРО чемпионатының бірінші тобында ойнайтын қарағандылық футболшылар Сегізбаевтың басшылығымен 22 команда сынға түскен аламанда тоғызыншы орынға табан тіреді. Чемпионат барысында Тимурдың командасы Днепропетровскінің «Днепр», Куйбышевтің «Крылья Советов» секілді азулы қарсыластардан, сонымен қатар, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова, Латвия, Литва республикаларының бетке ұстар командаларынан басым түсті.
Ал, Тимур Санжарұлы баптаған Алматының «Қайрат» командасы 1986 жылы КСРО чемпионатының қорытындысында 7-орынға табан тіреді. Алматылық футболшылар 1960 жылдан бері ССРО чемпионатының жоғары тобында 8-орыннан биік көтеріліп көрмеп еді. Сегізбаевтың бұл жетістігі қазақ мамандарының футбол саласында да несібесі мол екенін аңғартса керек.
Тимур аға 2017 жылы желтоқсан айында дүниеден озды.
Әңгімені түйіндей келе, қазіргі таңда қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай ақылды да қайратты ойыншының, дәл осы кісідей білімді әрі алғыр бапкердің жетіспей тұрғанын айтқымыз келеді. Ағамен сыйлас едік. Ол кісімен Алматы стадионының трибунасында сұхбат құрған кездеріміз күні кеше ғана тәрізді.

Қыдырбек Рысбек, спорт журналисі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *