МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

        Кәрімжан Әбдірахманов – «Достық — 84» ойындарының күміс жүлдегері, Әлем кубогының командалық есептегі жеңімпазы (1985), Еуропа чемпионатының (1985) және «Ізгі ниет-86» ойындарының қола медалисі, Совет одағының 2 мәрте чемпионы (1984,1990). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

ОН СЕГІЗІНДЕ ОРДА БҰЗҒАН
        1982 жылдың қараша айы. ССРО ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Артем Лавров аяқ астынан 18 жастағы Кәрімжанды Югославиядағы ірі халықаралық турнирге апаратын болды. Бұған дейін жастар сайысына түскен Әбдірахманов үшін бұл күтпеген жағдай еді. Кәрімжан аздап толқығаны болмаса, саса қойған жоқ. Ал ССРО құрамасындағы белді боксшылар, 1982 жылғы әлем чемпиондары Юрий Александров, Александр Кошкин және Александр Ягубкин бұл хабарды естігенде «Кәрімжан әлі бала ғой. Бойы да тапал. Үлкендер оңдырмай сабайтын болды», деп Лавровтың шешіміне наразылық білдірді. Сонымен, осы жылғы дүниежүзілік чемпионатта 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жер шарындағы ең азулы құраманың бірінен саналған совет құрамасы қатарына асықтай ғана Кәрімжанды қосып алып, Югославия жеріне табан тіреді.
Бойы 155 см Кәрімжан қарсыласының жанында тым балғын әрі бәкене еді. Тебіндеген қара мұрты мен өзінің басына жетеқабыл қолғабы болмаса, ойын баласынан айырмашылығы шамалы. Қазақи таныммен қараған кісіге аламан бәйгеге байқамай барып қалған құла тай тәрізді. Ал Әбдірахмановты осы қалпында рингтен түсіріп алып, сегізінші сыныптың балаларына қосып жіберсең, мынау үлкен жігіт деп, ешкім айта қоймас еді.


        Қарсы бұрыштан шыққан сұңғақ сере жігіт бұған баласына қарайды. Гонг! Қарсыласының иығынан келетін қараторы баланың қос жұдырығы автоматша сартылдай жөнелді. Білегі келте, жұдырықтай бала жарты минутқа жетер-жетпес уақытта әлгінде рингке беттеген мұны менсінбей, әжуа қылған қалың жанкүйердің көңілін өзіне біржола аударып алды. Алғашқы қарсыласы бірінші раундта сарт-сұрт соққыға шыдамай,есеңгірей ұтылды. Жайшылықта салқынқанды еуропалықтар төбесі төрешінің кеудесіне зорға жететін қазақ баласын шаршы алаңнан зор қошаметпен шығарып салды.
Кәрімжан бұдан кейінгі екі сақа қарсыласының жағы мен бауырын ат тепкендей солқылдата ұрып, екі жекпе-жекті де мерзімінен бұрын бітірді. Сөйтіп, бір кезде мектептегі линейкада көштің ең соңында тұратын бұзық бала Еуропа боксының маңдайалды серкесі боп шыға келді.

ЖИЫРМАСЫНДА ҚАМАЛ АЛҒАН
немесе ФИДЕЛ КАСТРОНЫҢ ЕРКЕСІ

        1984 жылдың наурыз айында 19 жасында Совет одағының ересектер чемпионатын тас-талқан ғып жеңіп шыққан Кәрімжан Әбдірахманов тамыз айында советтің олимпиялық құрамасы сапында Кубаның астанасы Гаванадағы «Достық-84» бәсекесіне аттанды. Ал капиталистік система спортшылары осы жазда Лос Анжелесте жазғы Олимпиада ойындарының жүлделерін сарапқа салды.
Гавананың ауасы қапырық, күн болса, күйіп тұр. Жаттығу залында тер үгіп жатқан Кәрімжандардың үстіне аяқ астынан Куба басшысы Фидел Кастро кіріп келді. Қасында бір топ нөкері бар. Еңсегей бойлы Фидел патша Кәрімжанның қасына келіп, тәржімашы арқылы жөн сұрады. Кәрімжан өзінің совет құрамасының 48 келідегі боксшысы екенін айтуы мұң екен, Кастро: «300 миллионға жуық халқы бар Совет одағынан бойшаң, ірілеу жігіт табылмағандай, мына баланы әкелгендері несі», деп таң қалғанын жасырған жоқ. Фидел патша бір жапырақ Кәрімжанға мейірлене қарап, тағы бірдеңе айтты да, таудай денесімен иіле бере бетінен сүйді.
        Фидел Кастро Куба мен совет құрамалары жаттығатын залға тағы екі-үш мәрте арнайы келді. Әр келген сайн Кәрімжанның қасына барып, әкелік мейіріммен бетінен сүйді. Бір кезде екінші дүниежүзілік соғыстың ең мықты қолбасшысы ретінде Бауыржан Момышұлын жеке-дара атап, Баукеңді Кубаға қонаққа шақырған Фидел патша қарсы алдындағы сұңқардай ғана көкөрім жігіттің Момышұлы туған Тараз топырағынан екенін білген жоқ.
Міне, айқас сәті таяды. Кәрімжан темекі түтініне тұншыға ауыр тыныстаған зәулім сарайдың бір шетінен шыға келгенде қалың жанкүйер ду ете қалды. Бокс десе, ақыл-естен айрылуға шақ қалатын қызба кубалықтар советтің намысын жыртатын бәкене баланы көзге қораш санап, даурығыса бастарын шайқай бастады. Мұндайға еті үйрене бастаған Кәрімжан ширығып тұр. Қарсыласы – әлем және Еуропа чемпионы, 24 жастағы болгар батыры Ивайло Маринов. Рингке жан-жағынан аңтарыла, ентелей мойын созған кубалықтар ұзынша, тарамыс болгардың мына баланы дырдай ғып сабайтынына бек сенімді. Жо-жоқ, совет бапкерлері де бірдеңе біледі екен. Қолтоқпақтай баланың қос жұдырығы тоқтаусыз сартылдайтын автомат не пулемет дерсің.Кейінгі үш жылда жан баласынан беті қайтпаған Ивайло Кәрімжандай жігітке кезікпей жүр екен. Екі рет еріксіз есеңгіреген бойы еденге сүйене орнынан зорға тұрған Мариновтың ұтылғанын мойындамасқан шарасы жоқ еді. (Сол Ивайло 1988 жылы Сеул олимпиадасында топ жарды).

         Әлгінде бұған тұмсығының үстінен қараған монғолдың бет-ауызы тегістеліп кетуінен зәредей қорыққан төрешілер бәсекені бірінші раундта доғарып тастады.
Жартылай финалда финалда поляк Януш Старжиктің сағын сындырған Кәрімжан Әбдірахманов финалда Куба қабыланы Хуан Торреспен бетпе-бет қалды. Хуан аяқ-қолы балғадай, Кәрімжаннан әлдеқайда ірі, қолды-аяққа тұрмайтын сойқан екен. Шыға сала Кәрімжанды қолғаптың сыртынан салып-салып жіберіп еді, біздің баланың қолы қақсап қоя берді. Мына жұдырық бетке, ішке қадала тисе оңдырмайтынын тез ұққан Кәрімжан ұзынтұра Хуанның иегінің астына кіріп алып, жұдырықты сілтеді дейсің. Торрестің әлгінде ғана от шаша, жайнап тұрған екі көзі біраздан кейін қанталап, жұмылуға айналды. Он мыңдай тілеулесінің таусыла қолпаштауымен жұлқына шабынған қара батырдың қабағынан қан саулап, десі қайта бастады. …Рефери Кәрімжанның қолын көтерген бетте зәулім сарай сілтідей тына қалды. Бірақ… дүние қас-қағымда басқа бүйіріне аунап түсті. Төреші шешімін шұғыл өзгертіп, қазылар алқасы қайта кеңесуге кірісті. Шамасы он бес минуттан кейін рингтегі қазы жанарымен жер шұқып тұрып, Торрестің қолын жоғары тартқан мезет (есеп 3:2) Кәрімжанның көзінен ыстық жас парлап қоя берді. Анау-мынауға селт ете қоймайтын республика спортының басшысы Аманша Ақбаев сонау вип ложадан төрешілер столына алқынып жетіпті. Өңі қабарып кеткен Аманша ағасы төрешілерді жағадан алмаса да, жарылып кетуге шақ тұр…
Иә, біздің жігітке обал болды. Алқалы жиындары мен баспасөз беттерінде адам теңдігі, әділдік туралы аянбай жырлайтын социалистік системаның алпауыттары, Кәрімжанның әкесіндей үлкен-үлкен адамдар ұялмай-қызармай, жұдырықтай баланың талассыз жеңісін басқаға бөктеріп жіберді.


         … Несін айтасыз, адамзат жаратылғалы қараулық пен пендешілік ізімізді басып келеді емес пе. Кәрімжан батыр мұндай әділетсіздіктің талайын көрді. 1985 жылы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Кәрімжан неміс спортшысы Рене Брайтбартты аямай сабады. Рене осы айқастан кейін басына гипс салғызуға мәжбүр болды. Бірақ қазылар 3:2 жеңісті Ренеге берді. Кәрімжан Еуропа чемпионатының қола медалін қанағат тұтты. Осы жылы әлем кубогының жартылай финалында тай боксшысы Рененің кебін киді. Тағы да төрешілер Әбдірахмановтың жеңісін тартып алды. Сол жолы ССРО спорт делегациясының басшысы Николай Пархоменко Кәрімжанды құшағына қысқан бойы: «Малыш», жеңіс сенікі еді», депті іші күйіп тұрып. 1986 жылғы ССРО чемпионатында Ншан Мунчянды көз алдымызда ұтты. Төрешілер ұзақ ақылдасып, ешкімнің қолын көтерместен екі боксшыны рингтен түсіріп жіберді. Ертеңіне ғана Мунчян «жеңді» деп хабарлады…

Қыдырбек Рысбек, спорт журналисі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *