«Сан-Мариноны сан соқтырдық!» — деп қуанайық..

         Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Сан-Марино аяқдопшыларымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. 

Ресми түрде өзі өткізген соңғы 20 кездесуінде жеңістің, тым құрығанда тең ойынның не екенін ұмытқан Сан-Марино аяқдопшыларын әупірімдеп жүріп жеңдік. Тіптен, гол жіберіп те қойдық. . Еуропадағы «ергежейлі» қос команданың кезекті кездесуі футболсүйер қауым үшін айтарлықтай қызықты болды деуге бола қоймас. Бұл да болса кежегесі кері кеткен қазақ футболында әлі де реформаның, алға ұмтылудың көрінісі жоқ деген сөз. Шамамыздың жететіні — Сан-Марино!

Әйтеуір, Еуропа алаңдарында өңшең легионерлерді жиып алып топтық кезеңге өтіп жүрген «Астана» клубының нәтижесімен көңілді марқайттық деген болмаса шынайы қазақ футболында алға басу, даму жоқ. Еуропадағы ерінбеген команда жаттығу жасап жүріп жеңетін Сан-Марино біз үшін де лайықты қарсылас болмауы керек еді.

Бірақ, қарсылық таныта білді. Алғашқы таймның өзінде-ақ Непогодов қорғаған қақпаға 2 мәрте тура соққы бағыттап үлгерді. Ал, «Ұлы дала елінің» командасы сапынан Бахтияр Зайнутдинов 6 минутта есеп ашса, 23-минутта Ғафуржан Сүйімбаев 23-минутта есепті еселеді. Араға 4 минут салып Алексей Щеткин 3-голды соқты. Ал, матчтың 77-минутында алаң иелері сапынан Марко Бернарди гол соғып, жерлестерін ерекше қуанышқа бөледі. Олай деуімізге себеп те бар. Өйткені бұл доптары 2017 жылы қыркүйекте Әзірбайжан құрамасына қарсы ойында соққан голдарынан кейін соғылған алғашқы голы. Алаң иелері үшін жеңіске пара-пар гол.

Одан кейін Қазақстан құрамасы қанша тырысқанымен гол соға алмады. Кездесу 1:3 есебімен аяқталды.

Қуаныш ТЫНЫБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *