Өзім деген – Өзтүрік еді!

1954 жылы Түркияның Кайсери қаласына қарасты Кожажылда  дүниеге келген Мұстафа (шын есімі Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахмен) сом денелі  болып өсіп, жастайынан-ақ спорт пен өнерді жанына серік еткен болатын. Негізгі мамандығы – журналист. Бірақ, тағдыр Мұстафаға қалам ұстауды емес, қарулы жекпе-жек өнерін сыйға тартқандай.

Стамбұлдағы орта мектепті бітірген соң талантты ұл Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика мамандығын бітіріп шығады. Сондай-ақ бар ынтасымен беріліп таэквондо өнерін үйренген Мұстафа жекпе-жек өнеріне берілгені сонша, аз ғана уақыттың ішінде үздік нәтиже 6-дан қара белбеу иегері атанады, әрі халықаралық жаттықтырушы мәртебесін қоса алады.

Түркияға қайтқан соң өзінің алғашқы таэквондо мектебін ашып, шәкірт тәрбиелейді. Өзтүріктің тәлімін алған бірқатар шәкірттері Халықаралық аренада Түркия құрамасының қоржынына жүлде салып, кейін  таэквондо спортының дамуы үшін лауазымды қызметтер атқарады.  Отбасылық жағдайына байланысты Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған Мұстафа неміс елінде де өзінің таэквондо мектебін ашқан. Жары Нұриламен танысып, шаңырақ көтереді. Екеуінің 1980 жылы туған  ұлы Нәзірбек пен Неслихан (1984 жыл), Асылхан (1988 жыл) есімді екі қызы бар.

Мұстафаның өміріне елеулі ықпал еткен жағдайлардың бірі Мюнхенде жүргенде Қазақстаннан барған  И.Тасмағанбетов, С.Әбдірахман, Т.Жаманқұлов, Д.Жолжақсынов пен Т.Теменов сияқты белгілі азаматтармен танысуы. Жастайынан көкесі Тейжіден атажұрт туралы естіген әңгімелері оның осы бір қасиетті далаға деген сағынышын оятуына себепші болса, енді ел жайында естіген деректері көңіліне тыныштық таптырмады. «Мен Отаныма ораламын! Сонда қаламын», «Таэквондоны қазақ жастарына үйретемін, мектеп ашамын» деген армандарын орындауға асықты.

Еліміздің Тәуелсіздік алуын күтпей-ақ 1990 жылдың көктемінде атажұртқа оралды. Қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін  Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшелігіне өтті. Ана тілінен басқа түрік, ағылшын, қытай, жапон, корей, неміс тілдерін меңгерген, «әлемге қазақ елін танытамын» деп келген  Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы кенеттен ауырып, 15 наурыз күні дүние салады. Жанында болған достары Мұстафа жайлы «Халықтың арасында осыншалықты беделге ие болғаны біреулерге ұнамай, есіл ер қастандықтың құрбаны болды дейді».

Атасы Төлебай Шығыс Түркістанда шешендігімен, қазақ-қытай тілдерін жетік меңгерген білімді адам болса, әжесі Жәнгүдай әйгілі Шақабай батырдың ұрпағы Қайысбай палуанның қызы. Өз әкесі Түркия қазақтарының арасында Кәбен  атымен белгілі Әбдірахман Төлебайұлы Алтайдан ауып, адамзат аяғы тимеген Такла-макан шөлінен өтіп, Гималай асып Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен азапты көштің кейінгі  бастаушыларының бірі, даңқты палуан. Мұстафаның әнді жақсы айтатыны  анасы Рәзиеден дарыса керек, ол кісі де асқан сұлу, әнші кісі болған. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» дейтін қазақ зор күш иесі Мұстафаның алынбас қамалдай кесек мінезін, ұлтына деген шексіз махаббатын жақсы көрген шығар. Барған жерінде «ұлым» деп төбесіне көтерді, «бауырым» деп бауырына қысты. Ат мінгізіп, шапан жапты. Бірақ, ел арасындағы күншілдік пен қаскүнемдік өз қалағанын жасап, қазақты Өзтүрігінен айырды. Денесі анасы Рәзие апаның қалауымен Стамбұлда әкесі жатқан бейітке қойылды.

Ұлтым деген ұлды жүрегінде сақтаған қазақ Мұстафасын мәңгі ұмытпақ емес. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды.2004 жылы 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы Астана, Алматы қалаларында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы тойланды. Бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Жақсының салған сүрлеуімен жүрген Қазақстандағы шәкірттерінің бірі Қайрат Қырғызбаев 2009-2012 жылдары таэквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері болса, Қайыр Мейірбеков Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік мектебін ашты. Бүгінде осы мектептен түлеп ұшқан қазақ таэквондошылары әлемдік аренада қазақтың көк туын биікте желбіретіп жүр. Мұстафаның да армандағаны осы еді ғой…

Қуаныш ТЫНЫБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *